Алматы қаласы
Алмалы ауданы
Әкімінің аппараты
A   A   A
Сурет галереясы

Жаңалықтар
мұрағаты
Дү Се Сә Бс Жм Се Же
25 26 27 28 29 30 1
2 3 4 5 6 7 8
9 10 11 12 13 14 15
16 17 18 19 20 21 22
23 24 25 26 27 28 29
30 31 1 2 3 4 5
Жаңалықтар ЖАҢАЛЫҚТАР

04.11.2016

№15 гимназияда "Жақсылыққа тәрбиелеу" атты дөңгелек үстел өтті


Қоғамда бала тәрбиесіндегі ата-аналардың рөлін арттыру мақсатында №15 гимназияда алғаш рет ата-аналар ұжымының төрайымдары бас қосқан жиын өтті. Аталмыш іс-шараға гимназия директоры бастаған мектеп әкімшілігі, сынып жетекшілері мен ата-аналар қоғамдастығының белсенді мүшелері қатысты. Оқушылар ұжымын сынып жетекшісі басқарса, мұғалімдер ұжымына әдістемелік бірлестіктер, ата-аналар ұжымына өздері тағайындаған төрағалар бағыт-бағдар береді. Гимназиядағы оқу-тәрбие үдерісін басқару төрт қағидатқа негізделеді: сүйіспеншілік, өзара түсіністік, шығармашылық, табыстылық. №15 гимназияның 2016-2017 оқу жылына арналған оқу-тәрбие үдерісін ұйымдастыру жоспарында көрсетілген бұл жиын «Мейірімділікпен тәрбиелеу» тақырыбында өтті.



Өзара пікір алмасуға, ой бөлісуге, жаңа ақпаратпен танысуға келген ата-аналардың жиынын №15 гимназия директоры Оспанбек Бұлбұл Расбекқызы алғы сөзбен ашты. Ол қатысушыларды жиынның тақырыбы мен мақсат-міндеттерімен, күн тәртібімен таныстырды. Одан соң сөз кезегін біздің гимназияның ата-анасы,  С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университетінің доценті Нуфтиева Айнұр Ислямқызы  алды. Ол жиынға қатысушыларды 2016 жылдың 7 қазан елордамыз Астанада өткізілген ХХІ ғасырдың ата-аналары: «Өз балаңа үлгі бол» республикалық ата-аналар конференциясының жалғасы болып табылатын дөңгелек үстелден алған әсерлерімен бөлісті. Үкіметтік деңгейде қолдауға ие болған бұл іс-шара «Балаларды тәрбиелеудегі ата-аналарға берілетін кәсіби көмек жүйесінің концепциясы» тақырыбында өткенін баяндап, онда бала тәрбиесіне қатысты көптеген маңызды мәселелер қарастырылғанын айтты. Соның ішінде дөңгелек үстел қорытындылары бойынша нақты әрекеттер мен практикалық ұсыныстар көрсетілген резолюция қабылданғанын атап өтті.


Өзінің бұл конференциядан бала тәрбиесіне қатысты біраз құнды ақпарат жинақтағандығын және №15 гимназияның  ата-аналарына да қажетті көптеген қызықты үлестірме материалдар алып келгендігін де баяндады. Ата-аналар да бұл баяндамаға ерекше қызығушылық танытып, сыныптың ата-аналар жиналысында бұл мәселені жан-жақты қарастыратындарын жеткізді. 
Екінші мәселе бойынша сөз кезегін директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары, психолог Қалиева Марал Нұрмұқашқызы алды. Ол жиналған қауымды өзінің «Психологиялық және отбасы тектілігінің жүйелілігін реттеу» баяндамасымен таныстырды. Онда ол әр адамның өз жанұясының, шыққан руының, халықтың, адамзаттың өкілі екенін атап өтті. Сондықтан әр адамның тағдыры ата-бабаларымен тағдырлас екенін көрсетті. Жүйелі (отбасылық) реттеу адамның толыққанды және қызықты өмір сүруіне кедергі жасайтын себептерді  айқындайтынына жан-жақты тоқталды. Мектеп психологтері осы мәселе бойынша екінші жыл күрделі жұмыстар атқарып жатқандығын айтты. Осы жұмыс қолға алынғаннан бері гимназия қабырғасында құқықбұзушылық немесе өрескел тәртіп бұзу оқиғалары тіркелмегенін де мақтанышпен атап өтті. Аталған мәселе бойынша мектептің ұстаздар қауымы мен ата-аналар қоғамдастығы да ой бөлісті.



Күн тәртібіндегі үшінші мәселе бойынша сөзді гимназия директоры Б.Р.Оспанбек алды. Мектеп басшысы «Мектеп өмірінің проблемалық мәселелерін бірлесе шешу» тақырыбында баяндама жасап, гимназия қабырғасында бүгінгі күні өткізіліп жатқан және болашаққа жоспарланған іс-шаралар туралы мәлімет берді. 
Қыркүйек айында төмендегі іс-шаралардың жоғары деңгейде ұйымдастырылып өткізілгені жайындағы ақпаратты фото және бейнематериалдар арқылы көрсетті: Қазақстан халықтарының Тілдері мерекесі; 5-8-сыныптар арасындағы «Спорттық Алматы» тақырыбындағы спорт фестивалі; эстетикалық пәндер бірлестігінің онкүндігі; оқушылар ұжымының  президентін сайлау күні; мұғалімдер күніне арналған концерт; қарттар күніне арналған іс-шаралар; жалпықалалық сенбілік. Аталған іс-шаралар №15 гимназияда қоян-қолтық жұмыс істейтін үш ұжымның табысты еңбегінің нәтижесі екендігін де атап өтті. Мектеп басшысы балаға деген қарым-қатынастың түрлеріне тоқталып өтті. 



Баланы жазалаудан бұрын оны ынталандыру қажет. Осы мақсатта биыл мектепте ата-аналар мен мұғалімдердің айрықша қолдауына ие болған «Ең үздік сынып ұжымы» байқауының ережесі бекітілді. Бұл сайыс сыныптағы әр оқушының белсенділігін арттыратыны сөзсіз. Өйткені бүгінгі шәкірт – ел мәртебесін арттыратын ертеңгі шығармашыл, зияткер, білімді  қоғамды құрайтын тұлға. Мектеп концепциясы да оқушыларды адалдыққа, достыққа, әділдікке тәрбиелеуді басты нысан етіп отыр.
Отырыс соңында қаулы қабылданып, оны мектеп әкімшілігі өкілдері,  сынып жетекшілері мен  ата-аналар толығымен мақұлдады. Және де мектеп әкімшілігі осы белсенді ата-аналар арқылы барлық ата-аналарға жазбаша ұсыныс таратты: 
Құрметті ата-ана!
Оқу-тәрбие жұмысын ұйымдастыруды жақсарту мақсатында «№15 Гимназия» КММ әкімшілігі. Сізден ата-ана ретінде мектеп өміріне белсенді қатысуыңызды өтінеді. Бұл дегеніміз:
1. Ең алдымен, өзін-өзі ұстау мәдениетіне назар аударуды, ата-аналар арасында, ата-аналар мен мұғалімдер арасында кикілжің оқиғаларды болдырмауды, бір-бірлеріңізге қатысты шыдамдылық танытуды, тек өз ұлыңыз бен қызыңызды тәрбиелеуге ғана емес, сонымен қатар бүкіл сынып балаларын тәрбиелеуге қатысуыңызды;
2. Спорттық, мәдени-бұқаралық іс-шараларға, танымдық  және алдын алу жұмыстарына белсенді қатысуыңызды;
3. Балалардың көзінше олардың сыныптастарын, ата-аналар мен мұғалімдердің мектеп өміріндегі оқиғаларын жағымсыз тараптан талқылануына жол бермеуді қадағалауыңызды;
4. Жол-көлік оқиғаларын болдырмау мақсатында жолда жүру ережелерін сақтауда балаларға үлгі болуыңызды;
5. Төтенше жағдай болмаса сабақ  кезінде мұғалімдерді мазаламауыңызды сұрайды. Қажет болған жағдайда кездесуді алдын ала келісіп,  сабақтан тыс уақытқа жоспарлауыңыз қажет.
 Аталмыш іс-шара гимназияда дәстүрлі түрде алтыншы жыл жүйелі түрде өткізіліп отырған «Ашық есік күнімен» өзінің заңды жалғасын тапты. Ашық есік күні әр оқу тоқсанының аяқталуына екі апта қалғанда өткізіледі. Бұл күні ата-аналар балаларына білім беретін ұстаздар қауымымен кездесіп, балаларының оқу нәтижелерімен танысады. Өздерін толғандырған мәселелер мен сұрақтар бойынша мектеп әкімшілігімен де, мұғалімдермен де ой бөлісуге мүмкіндік алады. 
№15 гимназияның алға қойған мақсаты - сүйіспеншілікпен, өзара түсіністікпен, шығармашылықпен жұмыс істей отырып табысқа жету.  


04.11.2016