Алматы қаласы
Алмалы ауданы
Әкімінің аппараты
A   A   A
Сурет галереясы

Жаңалықтар
мұрағаты
Дү Се Сә Бс Жм Се Же
28 29 30 31 1 2 3
4 5 6 7 8 9 10
11 12 13 14 15 16 17
18 19 20 21 22 23 24
25 26 27 28 29 30 1
Жаңалықтар ЖАҢАЛЫҚТАР

29.02.2016

Алмалы ауданында Жамбыл Жабаевтың туғанына 170 жыл толуына арналған әдеби-сазды кеші өтті


Алмалы ауданында №4 кітапханада халық поэзиясының дүлділі, ғасырлық ғұмырымызда арыны басылмаған алып жыршы Жамбыл Жабаевтың туғанына 170 жыл толуына арналған "Жүз жыл жырлаған жыр алыбы – Жамбыл ақын" атты әдеби-сазды портрет кеші және М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры, филология ғылымдарының докторы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Уәлихан Қалижановтың "Ұлы дала тұлғалары" сериясы аясында шыққан "Жамбыл" атты жаңа кітабының тұсаукесері болып өтті.

Әдеби-сазды шара Ұлы Даланың Ұлы тұлғасы Жамбыл Жабаевтың шығармаларын насихаттап, ақындық талантын жастардың жүрегіне ұялату арқылы поэзияны сүюге, бағалай білуге үйрету, отты жырлары арқылы Отансүйгіштікке баулу және жаңа кітаппен таныстыру мақсатында өтті.

Мәдени шараға қадірлі қонақтар:журналист, жазушы, филология ғылымдарының докторы, ҚР ҰҒА-ның мүше-корреспонденті, академик, Ш.Уәлиханов атындағы сыйлықтың иегері – Уәлихан ҚалижанұлыҚалижанов, композитор-күйші, ҚР еңбек сіңірген қайраткері – Шәміл Әбілтаев, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ғылыми қызметкерлері: Гүлжаһан Жұмабердіқызы Орда, Нұрдәулет Бабиханұлы Ақыш, Жолдасбек Ормаханұлы Мәмбетов, баспагер – Бейсенбай Сүлейменов қатысып, өз ой-пікірлерімен бөлісті.

Алматы Мемлекеттік энергетикалық және электронды технология колледжінің, Алматы Полиграфиялық колледжінің студенттері мен кітапхананың тұрақты оқырмандары да қатысып, кеш қонақтарына ұтқыр сұрақтар қойып, дидарласып жатты.

"Жамбыл" кітабының тұсаукесер рәсімімен бастау алған әдеби кеш қонақтардың жылы лебіздерімен жалғасын тапты. Сөз алған кеш қонақтары шұрайлы жырдан өшпес мұра қалдырған дауылпаз ақынның өнегелі өмір жолы мен тот баспас асыл мұрасы жайында құнды деректер айтып, жауһар жырларын жан-жақты талдады.

Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, "Жамбыл" кітабының авторы Уәлихан Қалижанұлы аталмыш зерттеу еңбегінің шығу тарихына және мазмұнына тоқталып кетті. "Білім жарысы жүріп жатқан қазіргі қоғамда ерінбей кітап оқып, ізгіліктің жолына түсіңіздер" - деп сөзін түйіндеді.

Күйші Шәміл Әбілтаев Бауыржан Жақыптың сөзіне жазылған "Жамбылдың киесі" әнін орындап, өзінің Уәлихан Қалижанға арналған "Ұлт ұйытқысы Уәлихан" атты тамаша күмбірлеген күйін көпшіліктің назарына ұсынды.

М.Мақатаеватындағы №140 мектеп-гимназиясы мен Іле ауданы Жәпек Батыр ауылының №4 мектебінің жас дарындары "Ой жырым, қызыл тілім, сенің арқаң" атты әдеби-сазды композицияны орындап, қалың көпшілікті ұлы ақынның тұнық өлең-жырларымен сусындатты.

Алматы Мемлекеттік энергетикалық және электронды технология колледжінің студенттері: Уатай Құрмет, Шыныбек Шыңғыс, Кеңесбек Алмас, Қадыр Қаршыға жыр жүйрігі Жамбыл бабамыздың рухына арнаған өз өлеңдерін ерекше жігермен, рухпен оқып,  көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. 


29.02.2016