2019 жылдың 28 желтоқсаны Қазақстан Республикасында жалпы ұлттық аза тұту күні деп жарияланды
Алматы қаласы
Алмалы ауданы
Әкімінің аппараты
A   A   A
Сурет галереясы

Жаңалықтар
мұрағаты
Дү Се Сә Бс Жм Се Же
30 31 1 2 3 4 5
6 7 8 9 10 11 12
13 14 15 16 17 18 19
20 21 22 23 24 25 26
27 28 29 30 31 1 2
Жаңалықтар ЖАҢАЛЫҚТАР

15.04.2016

М.Әуезов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында Қазақстанның халық әртісі, опера әншісі, талантты актер Кәукен Кенжетаевтың туғанына 100 жыл толуына орай мерекелік кеш өтті.


М.Әуезов атындағы қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында Қазақстанның халық әртісі, опера әншісі, талантты актер Кәукен Кенжетаевтың туғанына 100 жыл толуына орай мерекелік кеш өтті.
Салтанатты шараға Құрманғазы атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық халық аспаптар оркестрі, Талғат Күзембаев, Рамазан Стамғазиев, Ербол Айтбаев, Ерлан Рысқали, Талғат Әбуғазы, Айсәуле Қайырғазина, Бақытгүл Бисенбаева, Жасұлан Қоңыров және тб. өнер саңлақтары қатысты.
Кәукен Кенжетаев 1916 жылы 25 ақпанда Павлодар облысы, Баянауыл ауданында дүниеге келген. 1936-1941 жылы Мәскеу консерваториясының жанындағы қазақ студиясында білім алған. 1942-1946 жылдары Хабаровск қаласындағы шекарашылар ансамблінде еңбек еткен. 1950 жылы Алматы консерваториясын бітіреді. 1946 жылдан бері Абай атындағы Қазақ Мемлекеттік Опера және Балет театрының  әншісі болып қызмет істеді.
Кәукен Кенжетайұлы өз ғұмырында ондаған кинофильмдерге түсіп, қайталанбас образдарды сомдаған.
«Жерге қайтып оралу» фильмінде – режиссердің, «Біздің сүйікті дәрігер де» - әншінің, «Ән қанатында» - Нұртазаның, «Тұлпардың ізінде» - Танабайдың, «Таудағы шынарда» - Жаппастың, «Ел басына күн туса» фильмінде - Бауыржан Момышұлының ролін сәтті ойнап, батырдың ризашылығына бөленген актер, «Қызыл тас заставасында» - қарттың, «Қыз Жібек» фильмінде - Төлегеннің әкесі Базарбайдың, «Боранды бекетте» - Қазанғаптың, «Гауһартаста» - қарт әкенің бейнесін аса сәтті бере білді.
Қазақ операсына қырық жыл ғұмырын арнаған Кәукен Кенжетаевтың орындаған партиялары:
Е. Брусиловскийдің «Ер Тарғын» операсында – Тарғын, «Қыз Жібекте» - Бекежан, «Жалбырда» - Жалбыр, «Дударайда» - Семен болса, Ахмет Жұбановтың «Абай» операсында Жиренше, М.Төлебаевтың «Біржан-Сарасында» - Жанбота, Ж.Бизенің «Карменінде» - Эскамильо, А.П.Бородиннің «Князь Игорь» операсында - Князь Игорь, А.Г. Рубенштейннің «Демон» операсында- Демон, С.В.Рахманиновтың «Алекосында» - Алеко, Дж.Вердидің «Аидасында» - Амонасро, М.Глинканың «Руслан мен Людмила» операсындағы - Руслан бейнелері әлі күнге көрермендерінің көз алдында. Сондай ақ ол әншілік, актерлік қабілетімен қоса талантты режиссер ретінде Е.Брусиловскийдің «Амангелді», «Қыз Жібек», «Ер Тарғын», «Жалбыр», П.Чайковскийдің «Қарғаның мәткесі», Е.Рахмадиевтің «Алпамыс», С.Мұхамеджанов: «Айсұлу»  операларын жоғары көркемдік дәрежеде сахналады.
Кәукен Кенжетаев «Алпамыс», «Алдар Көсенің айласы», «Баян жүрек», «Кемпір мен шал», «Қалқаман-Мамыр», «Құсни-Қорлан», «Сапар» т.б. опера-либреттолардың авторы. «Сильва», «Фигароның үйленуі», «Тыныш шаңырақ» опера либреттоларын қазақ тіліне аударған. «Дархан дарын», «Мәжит Бегалин», «Высокий дар призвания» атты кітаптары жарық көрген.
Ол 1959 жылы Қазақ ССР халық әртісі атағын алды. Еңбек Қызыл Ту орденімен және медальдармен марапатталған.
Кәукен Кенжетаев 1979 жылдан бері өмірінің соңына дейін Қазақ Ұлттық өнер академиясында дәріс оқыды. Академияда музыка-комедия мамандығын ашып, аталған кафедраның меңгерушісі болды. 1985 жылы Кәукен Кенжетавқа профессор атағы берілді.
Бүгінде 100 жылдығы аталып өтіп жатқан талантты әнші, дарынды актер-режиссер, ұлағатты ұстаз Кәукен Кенжетаев 2008 жылы 15 наурызда 92 жасында дүниеден озды. Артына өлмес мұра қалдырған ұлы тұлғаның жарқын бейнесі халқының жадында мәңгілік сақталады.
15.04.2016