Алматы қаласы
Алмалы ауданы
Әкімінің аппараты
A   A   A
Сурет галереясы

Жаңалықтар
мұрағаты
Дү Се Сә Бс Жм Се Же
30 31 1 2 3 4 5
6 7 8 9 10 11 12
13 14 15 16 17 18 19
20 21 22 23 24 25 26
27 28 29 30 31 1 2
Саясат САЯСАТ



Бес институционалдық реформаларды іске асыру (27.07.2018)


Тәуелсіздік алған 20 жыл ішінде Қазақстанда серпінді экономикалық өсуге негізделген әлеуметтік дамудың тиімді жеке моделі қалыптасты.
Білім беру, денсаулық сақтау, еңбек қатынастары мен әлеуметтік қорғау жүйелері ұдайы жетілдіріліп, жұмыспен қамту ынталандырылуда, мәдениет, ақпарат және спорт салалары табысты дамып келеді. Тұрақты экономикалық өсу қамтамасыз етіледі және қазақстандықтардың әл-ауқаты артуда.
Қазақстан Біріккен ұлттар ұйымының кедейлік деңгейін екі есе азайту, жалпыға ортақ бастауыш біліммен қамтамасыз ету, бастауыш және орта білім саласындағы гендерлік теңсіздікті жою жөніндегі 2015 жылға дейінгі Мыңжылдық даму мақсаттарына қол жеткізді.
2015 жылы Адами дамудың индексі рейтингінде (188 ел мен аумақтан) Қазақстан адами даму деңгейі жоғары елдер тобына сәйкес келетін 56-орынға ие болды.
Сонымен бірге, қазіргі әлемде барлық мемлекеттер бірқатар жаһандық трендтермен бетпе-бет келіп отыр, оларды өзінің әлеуметтік бағытын айқындаған кезде ескеру қажет.
Демографиялық сын-қатерлер кешенінде халықтың қартаю үрдісі байқалуда. БҰҰ деректері бойынша 60 жастағы және одан үлкен адамдар саны 2050 жылға қарай 2 еседен артық болады және бүкіл әлем халқының 
22 %-ын құрайды. Бұл халықты жұмыспен қамту және еңбек нарығы құрылымындағы сапалы өзгерiстерге ғана емес, жұмыс iстейтiн адам жүктемесінiң ұлғаюына, сонымен қатар экономикалық өсудiң бәсеңдеуiне де алып келуі мүмкiн.
Табыс деңгейі төмен елдерде халықтың өсуi үрдiсі және табысы жоғары елдерде халық саны өсуiнің бәсеңдеуі байқалады, бұл жалпы әлеуметтiк жағынан осал халық санының ұлғаюына алып келеді. Бұл аз дамыған елдерден неғұрлым дамыған елдерге қоныс аудару ағындарына ықпал ететiн факторлардың бiрi болуы мүмкін.
Халық кедейшілігін азайту әлемдегі маңызды басымдықтардың бірі болып қалуда. БҰҰ деректері бойынша 2012 жылы әлемде күніне 1,25-ден аз АҚШ долларына күн көретін 1,4 млрд. адам (20 %) тіркелген.
Халық табысының теңсіздігі өзекті болып қалуда. Бай және кедей елдерде жан басына шаққандағы табыс деңгейі арасындағы алшақтық ұлғайып отыр. БҰҰ деректері бойынша соңғы 15 жыл ішінде әлемнің  100-ден астам елінде жан басына шаққандағы табыс төмендеп кетті. Әлем халқының 20 %-ы ең кедей адамдар санатына жатады және әлемдік кірістің 1 %-ына өмір сүруге ұмтылады.
Ауыз судың жетіспеуі және халықтың тіршілігі үшін қалыпты санитариялық жағдайды қамтамасыз ету де маңызды әлемдiк проблемалардың бiрi болып табылады. 1,1 миллиард адамның таза суды пайдалануға мүмкiндiгі жоқ. 2025 жылға қарай 1,8 миллиард адам судың абсолюттiк тапшылығы сезілетін елдер мен өңірлерде өмiр сүретiн болады, ал әлем халқының 2/3 шектеулі сумен қамту жағдайында өмiр сүруі ықтимал.
Азық-түлiктiң қажеттi қорын өндiру және оларды қайта бөлу проблемалары аштыққа ұшыраған адамдар санын ұлғайтады. Әлемде 1 миллиардқа жуық адам үнемі ашқұрсақ өмір сүруде. БҰҰ-ның есептеулеріне сәйкес 2030 жылға қарай бүкіл халықты азық-түлiкпен қамтамасыз ету үшін азық-түлiк өнімдерінің әлемдiк өндiрiсі екi есе өсуi тиіс.
Индустриялық-инновациялық даму аясында заманның технологиялық қауіптерге үлкен мән берiледi. Әлеуметтiк-экономикалық дамуда инновациялардың рөлiн күшейту дәстүрлi өнеркәсiп салаларындағы жұмыстан көрсетілетін қызметтер саласы мен ғылымды көп қажет ететiн салалардағы жұмысқа ауысуға, және осының салдары ретінде, орташа біліктілікті талап ететiн жұмыс орындары санының қысқаруына ықпал етеді.
Соңғы әлемдік экономикалық дағдарыс көптеген дамыған елдерді мемлекеттің әлеуметтік саясатты іске асырудағы рөлін қайта  ойластыруға бағыттады. Бүгінде Еуропа мен Азияның бірқатар елдері өздерінің «әлеуметтік даму модельдерін» жетілдіру жолдарын іздестіруде.
Тұтыну моделіне негізделген экономикалық жүйе қаржы дағдарысынан кейін шайқалды. Әлеуметтік берекелі қоғам құрған мемлекеттерде қазіргі уақытта әлеуметтік дағдарыс өсуде: әлеуметтік төлемдер азаюда, зейнеткерлік жас ұлғайтылып, жұмыссыздық өсіп келеді.
Елдiң үдемелі индустриялық-инновациялық дамуы жағдайында және жаhандық даму үрдiстерiн ескере отырып, Қазақстанның әлеуметтiк моделі де жаңғыртуды талап етедi.
«Қазақстанды әлеуметтік жаңғырту: жалпыға ортақ еңбек қоғамына қарай жиырма қадам» атты мақалада Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаев Қазақстанды әлеуметтік жаңғыртудың жаңа кезеңін белгілейтін елдің әлеуметтік дамуының 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасын әзірлеу қажеттігін айқындады.
Тұжырымдама 2050 жылға қарай Қазақстанның әлемнің ең дамыған 30 мемлекетінің қатарына кіруі бойынша стратегиялық мақсатқа жетуге себептес болады.
Қазақстан Республикасын 2030 жылға дейін әлеуметтік дамыту пайымы.
Ағымдағы жағдайды талдау. Болашақтағы жетістіктер мен негізгі қауіптер.
Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін әлеуметтік бағдарланған мемлекет құруды бастады. 
Елдің әлеуметтік моделін қалыптастыруда үш негізгі кезеңді атап көрсетуге болады.
Бірінші кезең (1991 – 1998 жылдар) кеңестік кезеңнен мұра болып қалған және жаңа экономикалық жағдайда тұрақты бюджет базасымен нығайтылмаған декларативтік әлеуметтік-экономикалық кепілдіктер санының көптігімен сипатталады.
Командалық-әкімшілік жүйе күйзеліске ұшырағаннан кейін ел инфляция деңгейі 3000 % ауқымды экономикалық дағдарыс, өндірістің терең құлдырауы мен жұмыссыздықтың тез өсуі жағдайына тап болды. 
Жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнім (бұдан әрі – ЖІӨ) 1992 жылы 168 АҚШ долларын құрады, 1993 жылы ел халқының үштен бірі кедейшілік шегінде өмір сүрді. 1991 жылдан бастап 1997 жылдар аралығындағы кезеңде жұмыссыз халық саны іс жүзінде екі есе ұлғайды.
Кеңес уақытынан мұра болып қалған заңнама экономикалық негізі жоқ кепілдіктерді қамтыды. Мысалы, тегін көрсетілетін медициналық қызметтерге, барлық деңгейде білім беруге кепілдіктер беріліп, балалардың бос уақытын өткізу ұйымдары мемлекет есебінен жүргізілді, бірқатар заттай жеңілдіктер көзделді. Экономикалық құлдырау және бюджетке түсімдер болмаған жағдайларда бюджет мұндай үлкен жүктемені көтере алмады: еңбекақыны, зейнетақылар мен әлеуметтік жәрдемақыларды төлеуде кідірістер орын алды.
Аса тығыз мерзім ішінде экономикалық реформалар: бағаларды ырықтандыру, ұлттық валютаны енгізу, жекешелендіру, салық және банк жүйелерін реформалау, институционалдық реформалар жүргізілді. Міндетті тегін орта білім Қазақстан Республикасының Конституциясымен кепілдендірілген. Жоғары білім конкурстық негізде ұсыныла бастады. Білім беру жүйесінде қызметін мемлекет реттейтін жеке сектор құрыла бастады. Білім беру мазмұнын жаңарту процесі басталды.
Денсаулық сақтау жүйесінде саланың инфрақұрылымын оңтайландыру жөніндегі реформалар басталды. Бұл өзгерістердің салдары фармацевтикалық сектор мен стоматологиялық ұйымдарды жекешелендіру болды.
Жинақтау қағидатына негізделген жаңа зейнетақы жүйесі енгізілді. Әрбір азамат өмір бойы өзінің зейнетақы жинақтарын өз бетінше жинайды, бұл жинақтар оның болашақ зейнетақысының мөлшерін айқындайды. Мемлекет барлық адамдарға базалық зейнетақы төлеміне қосымша кепілдік береді.
Ақпараттық кеңістікте жеке сектор құру азаматтардың ақпаратқа қолжетімділігін кеңейтуге мүмкіндік берді.
Екінші кезең (1999 – 2008 жылдар) барысында әлеуметтік-экономикалық кепілдіктерді ұтымды ету, мемлекет, жұмыс беруші және қызметкер арасындағы жауапкершілікті бөлу жүзеге асырылды.
Білім беру жүйесін басқару мен қаржыландыруды орталықсыздандыру жүзеге асырылды. Білім беру ұйымдарының ауқымды құрылысы басталды.
Денсаулық сақтаудың екі деңгейлі бюджеттік жүйесі құрылды. Медициналық көмек көрсету тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі негізінде жүзеге асырыла бастады. Алғаш рет азаматтардың жекелеген санаттары үшін тегін және жеңілдікпен дәрілік қамтамасыз ету бағдарламасы енгізілді.
Қазақстан Республикасының халқын әлеуметтік қорғаудың 2001 жылғы тұжырымдамасы қабылданды, онда нарықтық экономиканың даму қағидаттарына сәйкес келетін модель құру көзделген.
2002 жылдан бері табысы кедейшілік шегінен төмен адамдарға атаулы әлеуметтік көмек беріледі.
Екінші кезең шеңберінде жауапкершілік мемлекет, жұмыс беруші және қызметкер арасында бөлініп, әлеуметтік қамсыздандыру жүйесінің көпдеңгейлі жүйесі құрылды. Бұл жүйе бірнеше құрауыштардан тұрады, оның әрқайсысына қатысушы тараптардың біреуі жауап береді:
1) мемлекет – базалық әлеуметтік төлемдер: базалық және ынтымақты зейнетақылар, мемлекеттік жәрдемақылар, біржолғы мемлекеттік төлемдер;
2) жұмыс беруші – міндетті кәсіптік зейнетақы жарналары, жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары (2018 жылғы 1 қаңтардан бастап енгізіледі), еңбекке қабілеттілігін жоғалтуға байланысты табысынан айырылудың әлеуметтік қаупі орын алған кезде, жүктілікке және бала тууға, бала күтімі бойынша демалыстарға байланысты әлеуметтік төлемдерді жүзеге асыру үшін әлеуметтік сақтандыру жүйесіне аударылатын әлеуметтік аударымдар.
3) қызметкер – зейнетақы төлемдерін алу үшін жинақтаушы зейнетақы қорларына міндетті зейнетақы жарналары.
Әйелдерді қолдау және гендерлік теңдікті қамтамасыз ету айтарлықтай кеңейтілді. Балалы отбасыларға бала туумен және оны асырумен байланысты жәрдемақылар беріледі және осы жәрдемақылардың сомасын біртіндеп ұлғайту қамтамасыз етіледі.
Үшінші, қазіргі заманғы кезеңде (2009 жылдан бастап) мемлекеттік көрсетілетін қызметтер сапасы мен қолжетімділігі артып, тұрақты бюджет негізі есебінен лайықты әлеуметтік-экономикалық жағдай жасалуда, негізделген әлеуметтік көмек қағидаттары енгізіліп, жұмыспен қамтудың белсенді түрлері дамып келеді.
Әлеуметтік блок әлеуметтік көмек көрсетудің негізділігі қағидатын енгізу арқылы өз әлеуетін арттыра бастады.
2013 жылы Қазақстанның ЖІӨ 1991 жылмен салыстырғанда 2 есеге ұлғайды. Жан басына шаққандағы ЖІӨ 1991 жылмен салыстырғанда 72 еседен аса ұлғайып, 12 мың 933 АҚШ долларынан асты.
Табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен халық саны 1998 жылмен салыстырғанда 2013 жылы 12,5 есеге азайды.
Орташа айлық жалақы 1998 жылмен салыстырғанда 2013 жылы 11,21 есеге өсті.
Халық денсаулығының жағдайы жақсарды. 1995 жылы елеулі төмендеуден кейін қазақстандықтардың өмір сүруінің болжамды ұзақтығы 2014 жылы 8,1-ге дейін ұлғайып, 71,62 жасты құрады.
Тәуелсіздік жылдары ішінде ана өлімі 5,5 есеге азайып, 2015 жылы бұл көрсеткіш 100 мың тірі туылғанға шаққанда 12,3 көрсеткішін құрады.
Соңғы алты жылдың ішінде (2009 – 2015 жылдар) нәресте шетінеушілігі 1000 тірі туылғанға шаққанда 9,39 деңгейіне дейін 3 есеге төмендетілді.
Ынтымақты зейнетақы жүйесіне қатысушыларды зейнетақымен қамсыздандыру ету деңгейі тұрақты түрде артуда. Осылайша, соңғы 16 жылда (1999 – 2015 жылдар) зейнетақының ең аз мөлшері 8 есеге (3 000-нан 23 692 теңгеге дейін) зейнетақының орташа мөлшері 9,4 есеге (4 179-дан 39 379 теңгеге дейін), зейнетақының ең жоғары мөлшері 8,4 есеге (7 256-дан 60 947 теңгеге дейін) өсті. 
Жұмыспен қамтуды қамтамасыз етуде айтарлықтай табыстарға қол жеткізілді. 2013 жылы Қазақстандағы жұмыссыздық деңгейі 5,2 %-ды құрады, бұл 1999 жылмен (13,5 %) салыстырғанда елеулі ілгерілеуді көрсетеді. Нақты қазіргі уақытта жұмыспен қамту саласындағы саясат жұмыссыздық деңгейін 5 % деңгейінде ұстап тұруға мүмкіндік береді.

Алматы қаласы Әділет департаменті 
Нормативтік құқықтық актілерді тіркеу бөлімнің жетекші маманы  А. Далабаев