Алматы қаласы
Алмалы ауданы
Әкімінің аппараты
A   A   A
Сурет галереясы

Жаңалықтар
мұрағаты
Дү Се Сә Бс Жм Се Же
26 27 28 29 30 31 1
2 3 4 5 6 7 8
9 10 11 12 13 14 15
16 17 18 19 20 21 22
23 24 25 26 27 28 29
30 1 2 3 4 5 6
Мәдениет және спорт МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ СПОРТ



Қазақ мемлекеттік М.Әуезов атындағы академиялық драма театры


Қазақ өнерінің қара шаңырағы, ұлттық мәдениетіміздің мақтанышы М.Әуезов атындағы академиялық драма театры - қазақтың тұңғыш кәсіби театры ретінде шымылдығын 1926 жылы 13 қаңтарда республиканың сол кездегі астанасы Қызылорда  қаласында ашты.

Алғашқы қойылған спектакльдер Қ.Кемеңгерұлының «Алтын сақина» пьесасы мен М.Әуезовтің «Еңлік-Кебек» пьесасынан үзінді болды.  Театр шаңырағын көтеруге С.Қожамқұлов, Қ.Жандарбеков, Қ.Қуанышбаев, Қ.Байсейітов, Е.Өмірзақов,  Қ.Бадыров,  тағы да басқа «самородок сары алтын» актерлер ат салысты, ал, алғашқы режиссерлері Ж.Аймауытов, С.Қожамқұлов, Ж.Шанин, Қ.Қуанышбаев, М.Әуезовтер болды. Қазақ театрын ашуға ат салысқан қайраткерлер қатарында сол кездегі Қазақстан Халық ағарту комиссариатының бастығы С. Садуақасов, ал, театрдағы шығармашылық-шаруашылық ұйымдастыру жұмыстарында ерекше көзге түскен алғашқы директоры Д. Әділов, тағы басқалар болды.

1928 жылы театр республиканың жаңа астанасы Алматыға қоныс аударды. Төкпе ақын И.Байзақов, атақты әнші Ә.Қашаубаев, палуан Қ. Мұңайтпасов жоғарыда есімдері аталған театр саңлақтарымен бірге болды. Сондай-ақ театр өміріне К. Байсейітова, З.Атабаева, Ш.Байзақова, О.Қашаубаева, М.Шамова, Ж.Шанина, Х.Жиенқұлова, Д.Оңғарбаева сынды өнерпаздар белсене араласты.

1933-34 жылдары театрдан музыкалық студия бөлініп шықты. Бүгінгі таңда республикамыздағы іргелі өнер ордалары болып отырған Абай атындағы опера-балет театры мен республикалық филармония,  «Қазақконцерт» кезінде М.Әуезов театры құрамынан бөлініп шыққан музыкалық театр негізінде құрылған өнер ұжымдары.

1937 жылы театрға академиялық деген атақ берілді.

30-40-жылдары театрда орыстың кәсіби режиссерлері М.Б.Насонов, И.Б.Боров, М.А.Соколовскийлер, ал, 50-жылдары М.И.Гольдблат, 60-жылдары А.Мадиевскийлер табысты жұмыс істесе, 70-жылдары А.Пашков спектакльдер қойды.

Қара шаңырақ сахнада  қазақ театр режиссурасының екінші буыны деп атауға болатын  А.Тоқпанов, Ә.Ысмайылов, Н.Бейсековтер қызмет етті.  Ал, 40-жылдары көптеген романтикалық бейнелерді Х.Бөкеева, Ш.Жандарбекова сынды актрисалар сомдаса, осы сахнада Ш.Аймановтың актерлік, режиссерлік жан-жақты  таланты жарқырай көрінді. 50-жылдар белесінде театр Н.Жантөрин, Ы.Ноғайбаев, З.Шәріпова, Т.Жайлыбеков сынды талантты буынмен толықты.

1946 жылы, құрылғанына 20 жыл толуына орай  театр «Еңбек Қызыл Ту» орденімен марапатталды.

1961 жылы 10 тамызда Қазақ КСР Министрлер кеңесінің қаулысымен Қазақтың Мемлекеттік академиялық драма театрына ұлы суреткер М.Әуезовтің есімі берілді. 

Кезінде осы театрда әдебиет бөлімінің меңгерушісі болып та қызмет істеген М.Әуезовтің қара шаңырақтың іргесі бекіп, керегесі кеңеюіне қосқан үлесі мол. Өзінің төл туындыларымен қоса әлемдік драматургия жауһарларынан аударып, репертуарды байытуға да үлкен үлес қосты.

Театр тірегі – драматургия десек, ұлттық драматургияның қалыптасып, дамуындағы кезең-кезең жетістіктер аз емес. М.Әуезов замандастары, Қ.Кемеңгеров, І.Жансүгіров, Ғ.Мүсірепов, С.Мұқанов, Ш.Хұсайынов, Ә.Тәжібаев, Ә.Әбішевтер, олардан кейінгі буын Қ.Мұхамеджанов, Т.Ахтанов, Ә.Тарази, Қ.Ысқақ, С.Жүнісов, одан беріректе А.Сүлейменов, О.Бөкей, Б.Мұқайлар бүгінгі таңда Т. Нұрмағамбетов,   Д.Исабеков, С.Балғабаев, Иран-Ғайып, сондай-ақ кейінгі буын драматургтар Е.Аманша, Р.Мұқанова, Д.Амантай, Е.Жуасбек, тағы басқалардың шығармашылық табыстары осы үлкен театр тарихымен тығыз байланысты.

60-жылдардан бастап ұлттық режиссураның өркендеу кезеңі басталды. Бұл ретте де М.Әуезов театрының орны  ерекше. Өйткені қазақтың тұңғыш кәсіби режиссері А.Тоқпанов бастаған режиссерлер шоқжұлдызының бұл театрға түгелдей дерлік қатысы бар. А.Тоқпанов, Б.Омаров, Ә.Мәмбетов, Ж.Омаров, Р.Сейтметов, Қ.Жетпісбаев, М.Байсеркеновтердің шеберлік қыр-сырлары да қара шаңырақ театр сахнасында бекем қалыптасты.

1976 жылы театр құрылғанына  50 жыл толуына байланысты «Халықтар Достығы» орденімен марапатталды.

Бұл тұста  көрнекті театр режиссері, өнер қайраткері, Халық қаһарманы Әзірбайжан Мәмбетовтің есімін ерекше атау керек. Шығармашылық жолы сонау атақты 60-жылдар белесінде басталған, М.Әуезов театрына 40 жылға жуық  көркемдік жетекшілік жасаған Мәмбетовтің  сол кезеңде қойған атақты «Ана-Жер-ана» /Ш.Айтматов, сахналық нұсқа Б.Львов-Анохин/, «Қан мен тер» /Ә.Нұрпейісов/, «Қарагөз», «Қара қыпшақ Қобыланды», «Абай» /М.Әуезов/  «Қозы Көрпеш-Баня сұлу» /Ғ.Мүсірепов/, «Менің сүйікті ағатайым» /Ваня ағай, А.Чехов, ауд.Ә.Кекілбаев/, «Көктөбедегі кездесу» /Ш.Айтматов, Қ.Мұхамеджанов/, «Біз періште емеспіз» /Қ.Мұхамеджанов/, «Кориолан» /Шекспир, ауд.Х.Ерғалиев/, «Эдип патша» /Софокл, ауд.Х.Ерғалиев/, тағы да басқа спектакльдері ұлттық режиссураға жаңа мазмұн мен форма беріп, ұлттық  сахна өнерін жаңа сапалық белеске көтерді. Мәдени кеңістігімізде «Мәмбетов театры», «Мәмбетов дәуірі» деген ұғым қалыптасты. Сол кезеңде Әуезов театры Франция, Иран елдерінде фестивальдік сапарларға шығып, Мәскеуде бірнеше рет гастрольде  болды. Бішкек, Ташкент, Нүкіс, Уфа, Қазан сияқты ірі қалалар халқы театр өнеріне аса үлкен ырзашылықпен қол соқты. Ал, республикамызда М.Әуезов театрының гастрольде болмаған облысы мен ауданы жоқтың қасы. Тап осы кезеңде К.Қармысов, Ы.Ноғайбаев, Н.Жантөрин, Ә.Молдабеков, Ф.Шәріпова, А.Әшімов, С.Оразбаев, М.Сүртібаев, С.Майқанова, Б.Римова, Ш.Жандарбекова, С.Телғараев, Е.Жайсаңбаев, Р.Әуезбаева, Ғ.Сүлейменов,  Ж.Медетбаев, Қ.Тастанбеков, Ә.Боранбаев, Ә.Кенжеев, Т.Жаманқұлов, Б.Жанғалиева, Ш.Ахметова, У.Сұлтанғазиндер, сондай-ақ бүгінде өзге театрларда еңбек етіп жүрген Г.Әспетова, Т.Мейрамов, Ж.Мейрамова, Н.Тәшімова, Л.Әбзелбаева, М.Омар,  тағы да басқа өнер иелері сан қырынан жарқырай көрінді.

Осы кезеңде театрдың «Ана-Жер-ана»  қойылымына 1964 жылы Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығы, «Қан мен тер» қойылымына 1978 жылы КСРО Мемлекеттік сыйлығы берілді.

Еліміз егемендігін алған 90-жылдары театрға ҚР халық артисі, Мемлекеттік сыйлық лауреаты Т.Жаманқұлов көркемдік жетекшілік жасады. Бұл онжылдықта академиялық театр төл тарихымызды, қоғамдық құбылыстарды жаңаша көркем зерделеуге белсенді атсалысты; театрда әртүрлі көркемдік-эстетикалық бағытта ізденістер жүрді. Режиссерлер: Ә.Рахимовтің «Ситуациялар» триптихі: «Төрт тақта – жайнамаз», «Жетінші палата», «Қыздай жесір – штат қысқарту» драма-диалогтары бойынша қойылған (осы триптихі үшін жазушы-драматург А.Сүлейменовке өзі дүниеден озған соң, 1996 жылы ҚР Мемлекеттік сыйлығы берілді), сондай-ақ «Ақымақ болған басым-ай! /(Мольер, ауд.А.Сүлейменов), «Қилы заман» (М.Әуезов, сахналық нұсқа Н.Оразалин), «Тойдан қайтқан қазақтар», «Ғашықсыз ғасыр» /С.Балғабаев/;  сол жылдары театрда жемісті еңбек еткен Б.Атабаевтың «Қос мұңлық» /Б.Римова/, «Шыңғыс хан» /Иран-Ғайып/, «Соқырлар» /М.Метерлинк, ауд.Ә.Тәжібаев//, «Кебенек киген арулар» /А.Тасымбеков, Қ.Ысқақ/, «Мәңгілік бала-бейне» /Р.Мұқанова/, «Шағала» /А.Чехов, ауд.А.Тоқпанов/; сондай-ақ өмірден ерте кеткен  талант иесі Қ.Сүгірбековтің  «Соңғы сезім» (А.Бекбосынов), «Шолпанның күнәсі» (М.Жұмабаев, сахналық нұсқа Ә.Тарази), «Құбылыс» /Ф.Кафка, сахналық нұсқа Е.Аманша/, «Сәләмәтсің бе, Қоңыр мұң!» /Д.Амантай/, «Қуыршақ үй» /Г.Ибсен/, «Махаббат дастаны» /Ғ.Мүсірепов/ және театр басшысы, режиссер Т.әл-Таразидің «Турандот ханшайым» /К.Гоцци, ауд. М.Ахмет-төре/, «Тұзды шөл» /М.Ғапаров/, т.б. әртүрлі стильдегі қойылымдары көрерменнің мәдени құнарын арттыра түскені анық.

Ал, соңғы кезең, ХХІ ғасыр бастауында театр Қазақстанның халық артисі, профессор, танымал режиссер Есмұхан Обаевтың басшылығымен еңбек етіп келді. Театрда классикадан М.Әуезовтің «Айман-Шолпан» комедиясы мен «Абай» трагедиясын, Н.Гогольдің  «Парасын» («Ревизор»), сондай-ақ қазіргі драматургиядан «Ескі үйдегі кездесу» /Т.Нұрмағамбетов/, «Жүрейік жүрек ауыртпай» /Б.Жакиев/,  «Жаужүрек» («Балуан Шолақ», Д.Исабеков), Т.Аралбаймен бірігіп қойған «Сыған серенадасы» (И.Сапарбай), «Үміт үзгім келмейді /Н.Келімбетов/ сынды қызғылықты қойылымдарды шығарды. Көрнекті режиссердің  театрдың директоры әрі көркемдік жетекшісі ретінде жүргізді,  репертуарды жаңғыртып-жаңарту, сапа арттыру, тағы да басқа шығармашылық-ұйымдастыру жұмыстары  өз жемісін беріп отырды.

Қазіргі кезде театрдың директоры Еркін Жуасбек, өнертану ғылымдарының кандидаты,   көркемдік жетекші, мэтр, КСРО халық артисі, мемлекеттік сыйлықтардың лауреаты, «Отан» орденінің иегері,  профессор  Асанәлі Әшімов пен қатар Есмұхан Обаевпен қатар ҚР еңбек сіңірген қайраткерлері, профессор Әубәкір Рахимов режиссерлік қызмет атқарады.  Сондай-ақ жоғарғы білікті, шығармашыл мамандар – суретшілер, дизайнер, балетмейстер, концертмейстер, т.б. тұратын қойылымдық-көркемдік бөлім жұмыс жасайды. Сондай-ақ көркем спектакль үшін аянбай еңбек ететін басқа да көптеген цех қызметкерлерінің жұмысының да орны үлкен.

Театрдың негізгі тұлғасы, әрине, актер. Биыл 89 маусымындағы театрда белгілі өнер шеберлері А.Әшімов, С.Оразбаев, Х.Елебекова, З.Шәріпова, Н.Мышбаева, Т.Тасыбекова, Т.Жаманқұлов, С.Қожақова, Б.Имашева сынды үлкен буын өкілдерімен бірге Ғ.Байқошқарова, Қ.Тастанбеков, Р.Машурова, Т.Жаманқұлов, Ш.Ахметова,   М.Өтекешова, Ш.Меңдиярова, Ғ.Әбдінәбиева, Б.Жанғалиева, Р.Хаджиева, Т.Аралбаев, С.Мерекеұлы, М.Нұрәсіл, Б.Қожа, Г.Жақып, А.Бектемір, Қ.Тілеуова, А.Сейтметов, Д.Темірсұлтанова, Б.Қаптағай, Б.Тұрыс, Ж.Маханов, О.Қыйқымов, Ж.Әміров, М.Омарбекова, Ү.Сейтімбет секілді талантты топ табысты еңбек етуде. Ал, бұлардан кейінгі буынның  Д.Ақмолда, Е.Біләл, А.Боранбай, Ж.Толғанбай, Д.Жүсіп, Ш.Асқарова, Ш.Жанысбекова, Г.Тұтова, Н. Бексұлтанова, А.Сұрапбай, Н.Қарабалина, З.Көпжасарова, Б.Қажнәбиева,   сынды өкілдері, сондай-ақ соңғы буын жастар Қ.Мамытқалиев, Е.Дайыров, Н.Жекенова, Л.Қалдыбекова, Г.Шыңғысова, Р.Сенкебаев, Т.Сағынтаев, А.Шаяхметов, Ж.Байсалбеков, С.Құлымбетова, С.Бақаева, З.Карменова, тағы да басқалар театр репертуарының негізгі жүгін ойдағыдай көтеріп келеді.

Бүгінгі таңда театрда –

 1 КСРО халық артисі, 9 Қазақстанның халық артисі, 11 Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, 1 ҚазКСР еңбек сіңірген өнер қайраткері, 18 Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері;

1 КСРО Мемлекеттік сыйлық иегері, 3 ҚР Мемлекеттік сыйлық иегері, 3 «Дарын» Мемлекеттік сыйлығының лауреаты,  11 «Серпер»  Жастар Одағы сыйлығының лауреаты.

3 «Отан» ордені иегері, 5 «Парасат» ордені иегері, 13 «Құрмет» орденінің иегерлері қызмет етеді.

Соңғы жылдары қойылған ұлттық және әлемдік классика, тарихи тақырыптан «Абай», «Айман-Шолпан» /М.Әуезов, реж.Е.Обаев/, «Еңлік-Кебек» /М.Әуезов, реж.Х.Әмір-Темір/, «Мөлдір махаббат» /С.Мұқанов, реж.Ә.Рахимов/, «Қамар сұлу» /С.Торайғыров,  сахналық нұсқа Шахимарден/,  «/, «Махаббат дастаны» /Ғ.Мүсірепов, реж.Қ.Сүгірбеков/, «Ымырттағы махаббат» /Н.Гауптман, ауд.Қ.Ысқақ, реж.Р.С.Андриасян/, «Гамлет» //Шекспир, ауд. Х.Ерғалиев, реж.Ю.Ханинго-Бекназар/, «Ромео мен Джульетта» /Шекспир, ауд.Ә.Кекілбаев, реж.О.Салимов/, «Үйлену» (Гоголь, реж.В.Захаров), «Аршын-Мал алан» /У.Гаджибеков/,  «Қазақтар» |Қ.Ысқақ, Шахимарден, реж. Т.әл-Тарази/, бүгінгі күн драматургиясынан, «Сұлу мен суретші» /Т.,Ахметжан, реж.Н.Жақыпбай/, «Сыған серенадасы /И.Сапарбай/, «Үміт үзгім келмейді» /Н.Келімбетов, реж.Е.Обаев, Т.Аралбай/, «Ескі үймен қоштасу» /Т.Нұрмағамбетов, реж.Е.Обаев»/, «Жүрейік жүрек ауыртпай» /Б.Жакиев, ауд.Ә.Сығай, реж.Е.Обаев/, «Жаужүрек» («Балуан Шолақ», Д.Исабеков,реж.Е.Обаев/, ««Көктөбедегі кездесу» /Қ.Мұхамеджанов, Ш.Айтматов), «Ай тұтылған түн» М.Кәрім, реж.О.Кенебаев/, «Қожанәсір тірі екен...» (Т.Нұрмағамбетов), «Мұрагерлер» (Д.Исабеков), «Тендерге түскен келіншек (М.Сәрсеке), «Мен ішпеген у бар ма?..» (Иран-Ғайып, реж.О.Кенебай), «Күлеміз бе, жылаймыз ба?» /Е.Жуасбек, реж.М.Ахманов/, «Көшкін» (Ж.Жуженоғлы), «Империядағы кеш» (С.Асылбеков, реж.А.Кәкішева), «Сағыныш пен Елес» /С.Балғабаев, реж.Ә.Рахимов/, «Шәкәрім» (автор және рез.Ә.Рахимов), «Қас-қағым» (Ж.Ерғалиев, реж.Е.Нұрсұлтан), «Апалы-сіңлілі үшеу» (А.Чехов, реж. Р.Андриасян), «Бейбарыс сұлтан» (Р.Отарбаев, реж.Ю.Ханинго-Бекназар),  «Таңсұлу» (Ғ.Есім, реж.А.Кәкішева), «Отелло» (У.Шекспир, реж. Н.Птушкина), тағы да басқа көптеген спектакль көрерменнің әрқилы тобының көңілінен шығуда.

Театр ұжымы, сахна қайраткерлері өз сахнада және қоғамдық өмірде де тәуелсіз еліміздің мұраттарын ардақ тұта отырып, қалың көпшілікке Мемлекеттік саралы саясатты көркем жеткізеді. Бұл тұста сахна қайраткерлерінің кітап жазу, кітап шығару саласындағы еңбектері бір төбе. Театр алыптарының дәстүрін жалғастырып, көркемдік жетекші Е.Обаевтан бастап көрнекті актерлер, А.Әшімов, С.Оразбаев, Т.Жаманқұлов, театр шежірешісі Х.Елебекова, режиссерлер Ә.Рахимов, сыншы, театртанушы Ә.Бөпежановалардың кітаптары қалың оқырман игілігіне айналды. Театрда дүние кешкен көрнекті актерлердің шығармашылығын жинастырып, кітап шығару дәстүрі қалыптасқан.

Театрдың соңғы жылдардағы үлкен жетістіктерінің бірі, сөз жоқ, көрерменімен қайта табысуы. Ал, көрермен ықыласының артуы – театрдың қоғам үшін, адам үшін бүгінгі таңда аса өзекті деген мәселелерді көркем көтеріп отырғаны және тағы халықтың рухани азыққа бет бұра бастауынан болса, екінші жағынан алғанда театрда уақыт талабына сай маркетинг пен менеджмент сынды жаңаша жұмыс істеу жүйелерінің жолға қойылуынан деу керек.

Бүгінгі таңда театр репертуарында ұлттық, шетелдік классикадан және бүгінгі драматургиядан 31 қойылым бар. Жалпы репертуардың 70 пайызы қазіргі заман тақырыбындағы пьесалар.

Ай сайын стационарда  (үлкен және кіші зал)  32-33 спектакль ойналады. Мұның сыртында облыс, аудандарға тақырыптық шағын гастрольдарымыз бар.

Театр сонау 1937 жылы академиялық атағын алғалы бері шыққан гастрольдік сапарларында есеп жоқ. Театр актерлері Ұлы Отан соғысына өнер адамдарының арнайы бригадалар құрамында да болған. Кеңестік кезеңде республика облыстары мен аудандарының барлығында дерлік болып, өнер көрсеткен, сондай-ақ сол кездегі КСРО республикаларының  көбінде, сондай-ақ шетелдерде сапарда болған.

Тетрдың еліміз тәуелсіздік алғаннан кейінгі, әсіресе,  осы ғасыр басынан бергі гастрольдік карта географиясы тым ауқымды. Әуезов театры республика Мәдениет министрлігі қолдауымен, сондай-ақ арнайы шақырулармен де Ресейдің Омбы  қаласы мен облысында, Ташкентте, өзіміздің Солтүстік Қазақстан, Көкшетау, Қарағанды, Маңғыстау, Петропавл, Павлодар, Қостанай, Талдықорған, Ақтөбе, Орал, Жамбыл, Павлода,  облыстарында және елордамыз Астанада, сондай-ақ Елбасымыздың шағын қалаларды мәдени қызметпен қамту бағдарламасы аясында еліміздің 7-8 шағын қаласында өнер көрсетті.

Театр 1995 жылдан бастап жыл сайын Наурыз мерекесі және Халықаралық театр күніне орай жаңа қойылымдарының фестивалін өткізіп келеді. 2010 жылғы фестиваль көрнекті актриса С.Майқановаға арналса, 2011 жылы көрнекті актер Ы.Ноғайбаевтың туғанына 80 жыл толуына,  2012 жылы көрнекті актриса Ш.Жандарбекованың 90 жылдығына, 2013 жыл К.Қармысовтың 100 жылдығына арналып, ал  2014 жылы Сабира Майканованың 100 жылдығына арналды. Жаңа қойылымдар фестивалі – жаңа идеяларды рухани айналымға түсіріп,  жаңа есімдерді ашуымен бағалы.

Театр жылына бірнеше мерейтой, шығармашылық кештер өткізеді. Солардың ең соңғысы - өткен жылдың қарашасында көрнекті режиссер Ә.Мәмбетовтің туғанына 80 жыл толуына орай өткен шаралар.

Театр ұжымы Елбасы саясатын жүзеге асыру бағытындағы үлкен шараларға белсене араласады. Театр тарихын жүйелеу, құжаттарды сұрыптау, әртүрлі фестивальдар, кештер, мерейтойлар, өзге да шараларда театрдың жанындағы музей қызметкерлерінің атқарар жұмысы аз емес.

М.Әуезов театры өз тарихында Қазақстан мен Орталық Азия театрларының халықаралық фестиваліне жүйелі түрде қатысып келеді және үнемі жүлделі орындардан көрінеді.

 

М.Әуезов театры өзінің биік өнерін шетелдерде өтетін халықаралық фестивальдарда да паш етіп, жүлделі оралып келеді. Мысалы, театр:

1973ж. – Иран. Азия, Африка және Латын Америкасы театрларының Халықаралық фестивалі аясында «Ана-Жер-ана» спектаклін көрсетті.

1984ж. – Франция. Нанси қаласы. Халықаралық фестивальге  «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» спектаклімен қатысты.

1988ж. – Қазақстан мен Орта Азия театрларының Алматыда өткен халықыралық «Наурыз» фестиваліне «Біз періште емеспіз» спектаклімен;

1990ж. – Ташкентте өткен «Наурыз» фестиваліне «Ғасырдан ұзақ күн» спектаклімен қатысып, жүлделі орын алды.

1996ж.– Египетте өткен Халықаралық экспериментальды театрлар фестивалінде «Абылайханның ақырғы күндері» спектаклін көрсетіп, жүлделі оралды.

1999ж. – Түркі елдері театрларының Уфада /Башқұртстан, Ресей/ «Туғанлық» ІІ Халықаралық фестиваліне;

2000ж. – Германияда өткен «Жібек жолы» халықаралық фестиваліне;

2007ж. – Тәжікстанда өткен халықаралық фестивальға;

2008ж. – Орталық Азия және Қазақстан театрларының халықаралық фестиваліне «Сұлу мен суретші» спектаклімен қатысып, Бас жүлдені жеңіп алды;

2009ж. –  Кореяда өткен «Ұлы Жібек жолы» халықаралық фестиваліне;

2010ж. - Түркияның Кония қаласында өткен халықаралық фестивальге;

2011ж. – Түркиядағы халықаралық фестивальге қатысып, өнері жоғары баға алды.

2012ж  - Д.Исабеков драматургиясы бойынша өткен 1 халықаралық фестивальға «Жаужүрек» («Балуан Шолақ») спектаклімен қатысып, арнайы жүлдеге ие болды

88 жылда қазақ театры үлкен жолдан өтіп, ұлттық өнердің символына айналды, қаншама буынды тәрбиеледі, өзі де өсті, қоғамды да өсірді. Ұлттық рухани игіліктеріміздің, имандылық-адамгершілік ұстындарының сақталуы, іргетасы шайқалмауына ерен үлес қосты. Бұл - бүгінде бақилық алыптардың, одан кейінгі бірнеше буын өкілдерінің, олардың дәстүрін жалғастырып келе жатқан қазіргі өнер қайраткерлерінің қалтқысыз да қажырлы еңбектерінің нәтижесі.